Жастар шеруге шықты
Өткен сенбіде Орал қаласында облыс жастары Дүниежүзілік нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымымен күрес және Жастар күндеріне орай бірнеше акция ұйымдастырды.
Алдымен, Абай атындағы орталық алаңда белсенді жастар елдің картасы бейнеленген баннерге Астананың туған күніне арнаған ақ тілектерін жазды. Бұл тақта күні ертең елордаға жөнелтіліп, үлкен кенепке жалғанып, мерейлі күні осы құттықтаулар оқылатын болады.
Бұдан соң беткеұстар жастар «Бірлігіміз жарасқан, Менің елім – Қазақстан!», «Жастар есірткіге қарсы!» деп ұрандатып, Абай атындағы орталық алаңнан бастап Сырым батыр алаңына дейін мерекелік шерумен жүріп өтті. Шараны ұйымдастырушы «БҚО Ауыл жастары одағы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Ермек Мұхамбетқалиевтің айтуынша, акцияға «Жас толқын», «Жас қанат» қоғамдық бірлестіктері мен «Болашақ - жастардікі» қоғамдық қоры, «Жасыл ел» ЖЕЖ БҚО штабы, Студенттік құрылыс жасақтарының сарбаздары белсенді атсалысқан.
Шеруден кейін Сырым алаңында мерекелік концерт арасында әр саладағы үздік жастар марапатталды. Атап айтсақ, «Үздік маман» аталымында ТДК-42 телеарнасының тілшісі Бағдат Ізмағанбетов, «Үздік әнші» - Ибрагим Жантуллин, «Үздік биші» - Нұрия Нұрпейісова, «Үздік би тобы» - «Ақжайық» би ансамблі, «Үздік КТК тобы» - «Жәңгір серілері», «Үздік жастар ұйымы» - «Студенттік құрылыс жасақтарының БҚО штабы» ЖҚБ, «Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудағы зор үлесі үшін» - аға лейтенант Қасиет Сатқанов жеңімпаз атанды. Сондай-ақ алаңда нашақорлық пен есірткіге қарсы ақция ұйымдастырылып, келушілерге күнтізбелер, брошюралар мен анықтамалық парақтар таратылды.
Осы шараға қолдау танытқан БҚО ішкі саясат басқармасының атынан басшы орынбасары Мұратқали Төрегелдиев жастарды құттықтап, жылы сөзін арнады. Кеш соңы жастар биімен жалғасты.









