Жастарға қырық үйден тыйым керек!
Жасөспірімдердің қолымен жасалатын қылмыстың 80 пайызы түнгі уақытта жасалады. Сондықтан ішкі Істер министрлігі кәмелетке толмағандарды қас қарайған шақта жүруіне заң жүзінде тиым салмақ ойда.
Қазір жоба Парламентте қаралып жатыр. Егер депутаттар заңды қолдаса, жасөспірімдер түнгі сағат бірден таңғы алтыға дейін көшеде үлкендерсіз қыдыруына болмайды. Министрліктің ресми мәліметі бойынша, балалар арасындағы қылмыс биыл он бес пайызға азайған. Бірақ , босаңсуға болмайды. Тәртіп бұзушылыққа жол бермесі үшін мектеп инспекторларының санын көбейту жоспарда бар.
Қаныбек Жақсығалиев, ҚР ІІМ басқарма бастығы:
- Екі -үш жылдың ішінде шешеміз. Учаскелік инспектордың міндеті - қылмысты болдырмау. Бұл біздің де, білім министрлігінің де міндеті. Осы бағыттағы жұмысымызды жалғастырамыз.
Жыл басынан бері қаламыздағы кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер қолымен жүзге тарта қылмыс жасалған. Прокуратура қызметкерлерінің мәліметтеріне сүйенсек, олардың басым бөлігі мектеп оқушыларының қатысуымен орын алған. Қазір барлық қадағалаушы мемлекеттік орган қызметкерлері жеткіншектердің қатысуымен орын алатын қылмыс санын анағұрлым азайтып, керісінше оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін арнайы жоспар да жасақтапты. Соған сәйкес, қалалық білім бөлімі, ішкі істер департаменті мен жергілікті прокуратура инспекторлары біріккен рейд жұмыстарын бастап та кетті.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыс 33 пайызға артып отыр. Олардың арасында отбасы жағдайы төмен балалар ғана емес, оқу үлгерімі жақсы оқушылар да кездеседі, дейді мамандар. Десек те жазғы демалыс уақыты әсіресе прокуратура қызметкерлерін мейлінше алаңдатып отыр. Өйткені олардың айтуынша, қазірдің өзінде жұмыстан қолы бос жастар, ұсақ қылмыстар жасап, тіркеуге жиі түсуде. Бұл өз алдына есірткі мен ішімдікке бой алдырған жастар да алдына жан салар емес.
Нұрлыбек Есетов, Орал қаласы прокурорының орынбасары:
- Қазір жасөспірімдер арасында қылмыс көбейіп отыр. Ол менің ойымша, спирттік ішімдік пен есірткіні пайдалануды әдетке айналғандар кесірінен орын алса керек. Өйткені күні бүгін тіркеуде тұрған бұндай балалардың саны 117.
Қылмысты күнделікті серігіне айналдырған жастарды жөнді бағытқа қою ісі қазіргі күні әдеттегі насихат жұмыстарымен емес, жүйелі рейдтік шаралар арқылы қызу қолға алынған. Оған прокуратура қызметкерлерімен қатар, ішкі істер органы инспекторлары мен білім бөлімінің мамандары да тартылып отыр. Жоспар бойынша маусым айының 15-і күні тәмамдалатын бастама барысында, жастар жиі жүретін ойын-сауық орталықтары мен түңгі клубтарды тексеру көзделіп отыр. Мақсат біреу- түңгі мезетте ата-анасының қарауынсыз жүріп-тұрып, спиттік ішімдіктерді қолданушы кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерді анықтап, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізу.
Аслан Шаханов, Орал қалалық білім бөлімінің бас маманы:
- Қазір 45-мектептің оқушылары тұтастай жазғы демалысқа шықты. Олардың кейбірі демалыс лагерълерінде уақыт өткізсе, енді бірі қолдары бос. Сондықтан да ата-ана қарауынсыз кез келген жерлерде жүре береді. Біз рейдтік тексеріс барысында осындай оқушылардың анықтадық. Алдағы уақытта ата-аналармен кездесіп, түрлі жұмыстар жүргізбекшіміз.
Рейд жұмыстары көрсеткендей, жағымсыз әдеттерге бой алдырған алғашқы оқушылар да анықталып үлгерген. Енді олардың ата-аналары заң алдында жауап беретін болады, егерде ереже бұзушылық қайталанып, ескерту жұмыстарына құлақ аспай, жасы 18-ге толмаған баласын қараусыз жіберген ата-ананың қылығы қайталанса, оның бала құқығынан айырылуы да ғажап емес.
Сондықтан да мамандар, әсіресе қазір жаз мезгілінде баласының бос уақытын пайдалы іспен қамти алмаған ата-аналар қатаң назарға ілігіп отыр.
Ақпарат көзі: www.tdk42.kz









